Музыка жетекшісінің кеңесі
«Күншуақ» балабақшасы»
Балабақша жасындағы балаларды жан-жақты дамыту кезінде ұлттық тәрбиенің алатын рөлі зор. Қазақ халқы басқа халықтар сияқты бала тәрбиесіне ерте заманнан-ақ өзінің жиып – терген бай, асыл қазынасы, мол тәжірибесімен көңіл аударған. Қазақ атамыз келешек ұрпақтың қамын алыстан болжап, өмірге нәресте келгенде оған лайықты ат қойып, бесікке салып, тұсау кесер рәсімдерін жасаған және де, нәрестені күнделікті бесікке бөлеп, тербеткенде бесік жырын, халық әндерін айтқан. Осындай әнге бөленіп, тербеліп өскен нәрестенің бойында өнерге деген, әнге деген сүйіспеншілік, қызығушылық жастайынан қалыптасары сөссіз. Сондықтан осындай ұрпақты дүниеге әкеліп, жеткізіп,тәрбиелеп отырған ата-аналарға да қойылатын талап зор.
Ең алдымен әрбір ата- ана өз баласын толық зерттеп, әр бала өзі бір жеке тұлға екенін ескере отырып, оның мүмкіншілігін білуі керек. Әр балада өзінің табиғи ерекшелгі болады. Жанұяда бірнеше бала болса, соның біреуі ғана өнерге жақын болуы мүмкін. Міне, сол табиғи ерекшелікті, негізінен, қадағалау арқылы қабілеттікке айналдыруға болады. Бала үйде жүргенде оған түрлі ертегілер, мультфильмдер көрсетіп, ондағы әуендерге қызығушылығын бақылаған жөн. Әнді жаттатып, ән айтқызбас бұрын оны тыңдата білу қажет. Сонымен қатар, төрт түлік малдың, жәндіктердің немесе табиғи құбылыстардың (жаңбыр «тырс,тырс», жел, боран «гу,гу»т.с.с.), музыкалық аспаптардың дыбыстары бейнеленген, құлаққа жағымды естілетін балаларға арналған әндерді тыңдатып, оларды шапалақпен немесе дыбыспен қайталатып айтқызған жөн.
Егер ата- аналар музыкалық тәрбиенің маңыздылығын түсінетін болса, олар баласының жасаған әрбір қадамына – мысалы,баласының теледидарда болып жатқан жарнаманы ұйып тыңдауы, көлікте немесе басқа да көпшілік орындарда қосылып тұрған әуенді тыңдауына, сонымен қатар, жоғарыда айтылған табиғи құбылыстарға, аспаптардың дыбысына көңіл бөліп қалған кездерін қалт жібермей, бақылап жүрсе, өсе келе баласын дәл не қызықтыратынын жаңылмай тауып, ары қарай баласына дұрыс бағыт – бағдар беретіні сөссіз.
«Бала естігенін айтады, көргенін істейді» - деп қазақ халқы бекер айтпаған. Мектеп жасына дейінгі балалардың өнерін шыңдатып, адамгершілікке тәрбиелеудің маңызы зор. Кішкентай сәбилеріміз ата – анасының мінезінен, жүріс - тұрысынан, сөйлеген сөзінен, істеген ісінен үлгі алуға тырысады. Бала бойына адамгершілік қасиеттерді ойын, салт - дәстүр, мақал - мәтелдер, ертегілер, жұмбақтар, айтыс өлеңдер арқылы сіңіру ата - ана мен тәрбиешілердің басты міндеті.